Алматыда дәрігерлер туа біткен ауыр ақауы бар үш айлық сәбидің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нәрестенің ішектері, көкбауыры және сол жақ бүйрегі кеуде қуысына өтіп, өкпесін қысып, тыныс алуын қиындатқан. Хирургтер қауіпті патологияны аз инвазивті әдіспен жойды.
Күрделі операцияны Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының мамандары жасады.
Тексеру нәтижесінде нәрестенің көкетінде (диафрагма) туа біткен ақау бар екені анықталған. Соның салдарынан іш қуысындағы ағзалар кеуде қуысына өтіп кеткен. Бұған қоса, баланың сол жақ өкпесі толық дамымаған.
Сәбидің жасы кішкентай әрі жағдайы күрделі болғанына қарамастан, хирургтер торакоскопия әдісін қолданды. Бұл – кеуде тұсына шағын тіліктер жасау арқылы орындалатын операция түрі.
"Мұндай жастағы пациентке торакоскопиялық операция жасау аса жоғары дәлдік пен тәжірибені талап етеді. Біз ағзаларды анатомиялық дұрыс орнына қайтарып қана қоймай, кеуде қуысы құрылымдарының қалыпты орналасуын да қалпына келтіре алдық", – деді операцияға тікелей қатысқан аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Марат Қаптағаев.
Операция кезінде дәрігерлер ішкі ағзаларды қалыпты орнына қайтарып, көкеттегі ақауды қалпына келтірді. Нәтижесінде сол жақ өкпесі жазылып, қалыпты жағдайға келген.
Операция балалар хирургтері, анестезиолог-реаниматологтар және аурухананың басқа да мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында сәтті өтті.
"Біз хирургияның түрлі бағыттарын жүйелі түрде дамытып, заманауи технологияларды енгізіп, кішкентай пациенттерге жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетуге ұмтыламыз", – деп атап өтті аурухана директоры Марат Рабандияров.
Операциядан кейін сәби реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде дәрігерлердің тәулік бойы бақылауында болды. Кешенді ем нәтижесінде баланың жағдайы біртіндеп жақсарды.
Қазір сәбидің жағдайы тұрақты. Ол ауруханадан шығарылып, үйіне оралды.