Алматыда Hyundai автокөлігін шығаратын қазақстандық-кореялық зауыт құрылысының алғашқы іргетасы қаланды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Зауыт 700-ден астам алматылықтарды тұрақты жұмыспен қамтиды, ал бұл – біз үшін ең басты көрсеткіш. Қала тарапынан дайын инфрақұрылымдары бар 25 га жер бөлінді. Қазіргі кезде Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта 144 млрд теңгенің 39 жобасы жүзеге асырылуда. Жапондық, неміс және қытайлық, ресейлік капиталмен 5 зауыт ашылды. 800 жоғары білікті жұмыс орындары пайда болды. Биылғы жылы инвестиция көлемі шамамен 367 млрд. теңге болатын тағы 4 кәсіпорын іске қосылады, оның ішінде болат құбырларын шығаратын ірі қазақстандық-қытайлық "Asia Steel Pipe" зауыты бар, – деді шаһар әкімі Бауыржан Байбек.
Өз кезегінде Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр бұл еліміздің машина жасау индустриясын дамытудағы маңызды стратегиялық қадам екенін атап өтті.
Алғашқы кезеңде зауыт қуатына 30 мың автомобиль жасайды, ал екіншісінен бастап олардың санын жылына 45 мыңға дейін арттырады. Осының арқасында қазақстандық нарық Hyundai маркалы сапалы әрі бағасы қолжетімді көліктермен толығады және ТМД елдеріне экспортталады. Жоба инвестициясының жалпы көлемі 25 миллиард теңге. Жеке қаржымен қоса коммерциялық шарт бойынша заем тартылады.