Алматыда пандемия басталғалы бері инфекциялық стационарлардың саны 2-ден 26-ға дейін (500 төсек-орыннан 6096 дейін) өсті. Күзде COVID-19 симптомдары бар 7700 пациентке стационарлық емдеуді бір мезгілде қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл туралы "Алматы" телеарнасында өткен Akimat Live бағдарламасы барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.
"Алдағы күндері жаңа ковидтік стационарлар енгізілетін болады. Оларды алдын-ала санитарлық-эпидемиологиялық аудиттен өткен, денсаулық сақтау объектілерінің базасында ашатын боламыз. Қазіргі уақытта жауапты мамандар құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Олардың ішінде 250 төсектік "Қазақстан", 376 төсектік "Көктем", 140 төсектік "Самал" пансионаты, 230 төсектік "Астана" қонақ үйі, 360 төсектік ҚазАТК жатақханасы, 100 төсектік ҰОС мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь, 500 орынға шақталған Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Бұл жаңа стационарлар жұмыс істеп тұрған нысандарға қосымша тамыз айының соңына дейін кезең-кезеңімен іске қосылатын болады", – деп атап өтті Б.Сағынтаев. Сонымен қатар қала әкімі ана мен баланың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Қазір қалада 45 төсектік №4 перзентхана жұмыс істейді. Бақытжан Сағынтаев жақын арада осы перзентхананың 60 төсек-орынға арналған жаңа корпусы іске қосылатынын хабарлады. Осылайша мұндағы жалпы орын саны 105-ке жеткізілмек.
"Бүгінгі таңда біз бұған дейін ешқашан жасалмаған шараларды қолға алдық. Шұғыл әрі өте қысқа мерзімде ауқымды жаңа стационарлар ашып, оларды қажетті барлық техникамен жабдықтаудамыз. Ғимараттардың бөлмелерін қайта жоспарлап, шлюздер мен оқшауланған бокстар құрылуда. Барлық деңгейдегі медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру үшін денсаулық сақтау жүйесіне өзгерістер енгізудеміз", – деді қала әкімі.