Алматыда интернеті жоқ білім алушыларға SIM карта беріледі

771

Қалада 75 мыңнан астам отбасы мен 2 мың мұғалім компьютерге мұқтаж.

Алматыда интернеті жоқ білім алушыларға SIM карта беріледі

Алматы қалалық білім басқармасы басшысы Ләззат Жылқыбаева қазіргі эпидемиологиялық жағдайдың күрделі кезінде оқу жылының басталуына дайындық жайлы айтты.

"20 тамыз күні балаларды бірінші сыныпқа қабылдау ресми түрде аяқталады. Болжам бойынша бірінші сыныпқа шамамен 30 мың бала келеді деп күтілуде. Жалпы оқушылар саны 275 мың адамды құрайды. Қазіргі кезде Алматы қалалық білім басқармасы мектепке дайындықты бірнеше бағытта жүргізіп жатыр. Біріншіден, балаларды қашықтан оқыту үшін компьютерлік құрал-жабықпен қамту қажет. Ол үшін балар мен мұғалімдерде компьютерлік құралдардың болуына мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде 75 мыңнан астам отбасыға және 2 мың мұғалімге компьютер керек екені анықталды. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 20 мыңнан астам компьютерлік техника сатып алынады. Ал 38 мыңнан астам компьютерге қаражат Үкіметтің резервтік қорынан алынады. Жергілікті бюджет қаражатына алынған 22 мыңнан астам планшет аз қамтылған отбасылар балаларына беріледі", – деп айтып өтті Ләззат Жылқыбаева.

Интернет желісімен қамтылмаған оқушыларға SIM карта беріліп, мұғалімдерге мектепке келіп сабақ беруіне рұқсат етілмек.

"Мұғалімдер қазір цифрлық сауаттылығын арттыру курстарынан өтіп, қашықтан білім беруге дайындалып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 15 мыңнан астам педагог білімін жетілдірді. Сондай-ақ, мұғалімдер мен оқушыларды интернет желісімен қамту мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде. Интернеті жоқ 22 мыңнан астам білім алушыға SIM карта беріледі. Ал интернет байланысы жоқ мұғалімдерге санитарлық ережелерді сақтаған жағдайда мектепке келіп, онлайн сабақ өткізуіне рұқсат беріледі", – деді қалалық білім басқармасы басшысы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу