Алматыда ірі компаниялар жастарға бос жұмыс орындарын ұсынуда

Қазіргі уақытта 200-ден астам жас жұмысқа орналасты

Алматыда ірі компаниялар жастарға бос жұмыс орындарын ұсынуда Фото: google.com

6 маусымнан бастап Алматыда ЖОО мен колледж түлектерін, сондай-ақ жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған мансап күндері басталды. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жастар саясаты басқармасының және қалалық Мансап орталығының өкілдері айтып берді.

Бос орын жәрмеңкелері бір ай көлемінде мегаполистің барлық аудандарында өткізіледі. 

"Оқу орындарының, мемлекеттік құрылымдардың және жұмыс берушілердің және мансап орталықтарының күш-жігерін біріктіру және үйлестіру үшін біз "Depo Evolution Park"  жастар лофт орталығының базасында қалалық Мансап орталығын құрдық. Бүгінгі таңда Жастар саясаты басқармасы Алмалы, Медеу және Наурызбай аудандарында 3 мансап күнін  өткізді", - деді Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Әзиз Қажденбек.

400-ден астам ірі компания жастарға 1,5 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Осы іс-шараларға жұмыссыз жастар, ЖОО, колледж және мектеп түлектері қатарынан 12 мыңнан астам жас қатысты, соның нәтижесінде қазіргі уақытта 200-ден астам жас жұмысқа орналасты.

"Іс-шаралар барысында біз Алматы қаласы Цифрландыру басқармасымен бірлесіп, Бірыңғай коммуникациялық кеңістік шеңберінде құрылған "Jobfair 365" жыл бойы өтетін цифрлық бос орындар жәрмеңкесін таныстырдық. Оның негізгі міндеті - еңбек нарығының барлық қатысушылары үшін тегін және қарапайым құрал болу. Сонымен қатар, біз 4 өзекті мамандық бойынша: қызмет көрсету саласында ,Т-мамандықтар бойынша, қолөнер мамандықтары бойынша және soft skils бойынша жастарға арналған қысқа мерзімді курстарды іске қостық. Жаңа дағдыларды игеру жастарға перспективалы және қызықты мамандықты таңдауға, жұмыс табуға, қоғамдағы тәуелсіз өмірге бейімделуге және өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік береді", – деп бөлісті спикер.

Спикердің айтуынша, NEET жастарының үлесін азайтуға және жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Биылғы жылдың I тоқсанында осы санаттағы жастардың үлесі жастардың жалпы санының 8,3% -ын (53 мыңнан астам жас) құрайды.

Басқарманың мәліметінше, Алматыда 14-35 жас аралығындағы 682 мың жас немесе тұрғындардың жалпы санының 32%-ы. 255 мың студент қаланың жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқиды. Алдын ала деректер бойынша биыл ЖОО-ларды 42 мыңға жуық, ал колледждерді 20 мыңға жуық студент бітіреді.

"Бұл ретте, өткен жылдардағы тәжірибе бойынша түлектердің 80%-ы Алматыда жұмыс табуға тырысады, ал бітіргеннен кейінгі бірінші жыл ішінде 10 мыңға жуығы жұмыссыздар қатарында болады", - деп түйіндеді спикер. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу