Алматыда қағаз қалдықтарын қайта өңдеу саласындағы екі жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін кәсіпорындардың жалпы өндірістік қуаты жылына 200 мың тоннадан асады.
Жобалар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен "Жасыл даму" АҚ тарапынан қаржыландырылуда.
Ірі жобалардың бірі – "KZ Recycling" ЖШС кәсіпорнын жаңғырту. Құны шамамен 36,5 млрд теңге болатын жоба аясында қағаз қалдықтарын қайта өңдеу қуаты жылына 150 мың тоннаға дейін ұлғайтылады.
Жоба "Жасыл даму" АҚ-ның кәдеге жарату төлемдері есебінен "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-мен бірлесіп қаржыландырылған. Қаражат толық игерілді. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қажетті инфрақұрылым дайындалуда. Жобаны 2028 жылы аяқтау жоспарланған.
Екінші жобаны "Интер Мульти Сервис" ЖШС жүзеге асыруда. Кәсіпорын қолданыстағы қағаз өндіру машинасын жаңғыртып, өндірістік қуатын жылына 50,4 мың тоннаға дейін арттырмақ. Жобаның құны 1,1 млрд теңгеден асады.
Қазір кәсіпорынға бояу жабдығы жеткізіліп, оны орнату жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қағаз өндіру машинасын жеткізу күтілуде. Өндірістік желіні жаңғырту жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Жобалар Алматыдағы макулатураны қайта өңдеу көлемін арттырып, қағаз қалдықтарын қайта айналымға кеңінен тартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, "Жасыл даму" АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен жалпы құны 116 млрд теңгеге жуық 30 жобаны қаржыландырған. Бұл жобалар қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға, қайта өңдеу көлемін арттыруға және қалдықтарды көму мөлшерін азайтуға бағытталған.