Алматыда қай сала мамандарына сұраныс жоғары?

995

Алматы қаласының халықты Жұмыспен қамту орталығының директоры пандемия кезіндегі сұранысқа ие мамандықтар тізімін жарялады. 

Алматыда қай сала мамандарына сұраныс жоғары?

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласының халықты Жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова шаһардың еңбек нарығында ең көп сұранысқа ие мамандар тізімін атады, деп хабарлады inbusiness.kz.

Спикердің айтуынша пандемия кезінде көптеген алматылықтар тұрақты дамып келе жатқан және жалақы тұрғысынан да ең тартымды IT салаларында жұмыс істеуге ұмтылады. 

"Бұған көптеген ұйымдардың қашықтықтан жұмыс істеу режиміне және онлайн форматқа ауысуы әсер етуі мүмкін. Тағы бір ерекшелік - білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандарына сұраныстың артуы. Әрине, бұрынғыдай сұранысқа ие мамандықтардың қатарында – жұмысшы мамандықтар да бар. Қалаға құрылысшылар, дәнекерлеушілер, монтажшылар, сылақшылар, тігіншілер, бухгалтерлер, шаштараздар, курьерлер, техникалық қызметкерлерге қызмет көрсететін күзетшілер қажет. Қала тұрғындарын "Еңбек" бағдарламасы бойынша оқытуға және жұмысқа орналастыруға, кейіннен өз ісін ашуға грант алу үшін "Бизнес Бастау" жобасына қатысуға көмектесуге мүмкіндігіміз бар", - деді Диляра Иманқұлова.

Жұмыспен қамту орталығының басшысы экономистер мен заңгерлерге жұмыс табу бұрынғысынша қиын екенін атап өтті. 

"Алайда, осы мамандықтар бойынша білім алған түлектердің "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы бойынша тәжірибе жинау мүмкіндіктері бар. Алматының 500 ұйымы жоғары оқу орындарының, арнайы оқу орындары  мен кәсіптік лицейлердің түлектерін жұмысқа қабылдауға дайын", - деді Жұмыспен қамту орталығының директоры. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу