Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет кешенінде қайталама шикізат пен қауіпті қалдық жинауға арналған экологиялық акция өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Акция аясында қала тұрғындары қайталама шикізаттың 17-ден астам түрін тапсырды. Олардың қатарында пластик, макулатура, шыны, металл банкілер, пенопласт, сондай-ақ күрделі әрі сирек кездесетін қалдық түрлері – электрондық техника, сынап құрамды қалдықтар және мерзімі өткен дәрілік заттар бар. Жиналған қауіпті қалдықтардың барлығы қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып қабылданып, арнайы қайта өңдеуге жіберілді.
Науқанның жеке бағыттарының бірі сынап құрамды шамдарды жинау болды. Жалпы алматылықтар 1543 пайдаланылған шам тапсырды. Олар қауіпсіз кәдеге жарату үшін арнайы өңдеуге жолданды.
Мамандардың айтуынша, мұндай қалдықтар ерекше сақтықпен өңделуге тиіс, өйткені олардың құрамында сынап бар және дұрыс пайдаланылмаған жағдайда қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ, заттарды қайта пайдалануға да ерекше назар аударылды.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, мұндай форматтағы экологиялық акцияларға қала тұрғындарының қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бұған дейін өткен іс-шараларда бірнеше сағаттың ішінде 2 тоннадан астам қайталама шикізат пен қайта пайдалануға болатын заттар жиналған.