Алматыда қала күні күніне арналған негізгі шаралар онлайн форматта өтеді

698

Мегаполисте 60-тан астам мерекелік шара ұйымдастырылады. 

Алматыда қала күні күніне арналған негізгі шаралар онлайн форматта өтеді

Олар – онлайн концерттер, оффлайн және онлайн форматтағы көрмелер, түрлі байқаулар мен акциялар.

Солардың бірақатарымен таныстыра кетсек. Мәселен 19 қыркүйекте "Алматы" галереясында Әлима Хайдарова мен Бауыржан Сәбитовтың баламалы фотосуреттерінің көрмесі ашылады. 

Ал қаланың орталықтандырылған кітапхана жүйесі әлеуметтік желілер парақшаларында "Алматы менің сүйікті қалам", "Таңқаламын келбетіңе, ару қала – Алматы!", "Мың бояулы қала" атты суреттер байқауын және "Әсем қала –Алматы", "Тарихы терең Алматы", "Алматы қаласының тарихи орындарын білесің бе?" атты онлайн викториналар өткізеді. Оларға алматылықтардың барлығы қатыса алады. Оқырмандар кітапханалардағы қала күніне арналған "Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның мерейі", "Алматы – жүрегімде" атты көрмелерде болып, кітаптарға шолу жасайды.

Мереке күндері Алматының хайуанаттар паркі қала тұрғындары мен қонақтары үшін ашық болады. Ал келе алмайтындар әлеуметтік желілердегі өздерінің парақшаларында "Өткеннен болашаққа" атты виртуалды саяхатқа және "Хайуанаттар паркінің білгірлері" атты онлайн викторинаға қатыса алады.

Мерекелік шаралар өтетін нысандарда бетперде және арақашықтық режимі қатаң сақталады әрі адам саны 15-20-дан көп болмауы тиіс. 

Бұған қоса 19 қыркүйекте сағат 11.00-де Қазақ мемлекеттік циркінің алдындағы алаңда цирк артистері өнер көрсетсе, 20 қыркүйекте Alatau Theater Youtube арнасында "Алатау" дәстүрлі өнер театры артистерінің қатысуымен "Алматы –ару қалам" атты мерекелік концертті онлайн режимде көрсетеді.

20-21 қыркүйекте Almaty ayenderi Youtube арнасында Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің және концерттік оркестрдің онлайн концерттері қолжетімді болады.

26-27 қыркүйекте Almaty Film Days Іскерлік алаңы онлайн режимде көрсетіледі. Ұлттық киноға қолдау көрсетудің Мемлекеттік орталығының арналары Facebook және YouTube әлеуметтік желілері арқылы қазақстандық және ресейлік сарапшылардың қатысуымен "дөңгелек үстелдер", шеберлік сыныптарын өткізеді, кино көрсетіледі әрі бұлардың барлығы онлайн- трансляцияланады. 

Ал "Тикетон" автокинотеатрында алматылықтар Шәкен Аймановтың аңызға айналған әрі биыл жарыққа шыққанына 50 жыл толатын "Атаманның ақыры" фильмін, сонымен қатар шыққанына 49 жыл толатын "Қыз Жібек" фильмін көре алады.

27 қыркүйекте Алматы телеарнасының эфирінде және Almaty Creative Youtube арнасында пандемиямен күресте алдыңғы шепте болған медицина қызметкерлеріне арналған онлайн концерт өтеді. Кеште Қайрат Нұртас, KeshYou, "МұзАрт", MadMen топтары өнер көрсетеді.

30 қыркүйекте Мемлекеттік Қуыршақ театрының "Өмір-өзен" спектакльінің премьерасы және композитор Ш. Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына арналған концерт онлайн режимінде ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу