Биылғы жылдың 2 мамырынан бастап "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында Алматы аудандарын абаттандыру және дамыту бойынша үздік ұсыныстарға дауыс беру басталады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
2023 жылдың 14 мамырына дейін Алматыда тұрақты тіркеуі бар қала тұрғындары ұнайтын үш жоба үшін портал budget.open-almaty.kz арқылы өз дауыстарын бере алады.
Дауыс беруге қатысу үшін тіркеу/авторизация талап етілмейді, жобаларды таңдауды ЭЦҚ немесе SMS-код келіп түсетін телефон нөмірі арқылы растауға болады.
Алматы тұрғындарынан ұсыныстарды қабылдау кезеңінде 897 түрлі өтінім түсті. Жобаның ең белсенді қатысушылары – Әуезов ауданының тұрғындары (162), одан кейін Наурызбай (126) және Жетісу (120) аудандары.
Өтінімдерді қарау барысында аудан әкімдіктері жанынан "Халық қатысатын бюджет" аясында құрылған сараптамалық кеңестермен дауыс беруге 373 өтінім жіберілді. Келіп түскен ұсыныстардың көпшілігі мына салаларыға қатысты:
- балалар және спорт алаңдарын салуға/жөндеуге 163 (43,7%),
- жалпыға ортақ пайдаланылатын демалыс орындарын (беседкалар, орындықтар, урналар, балалар ойындарына арналған жабдықтар мен конструкциялар) салу/жөндеу 71 (19%);
- жалпы пайдалану орындарын жарықтандыру (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары, көшелер және өзге де объектілер) 51 (13,7%).
Ең көп дауыс жинаған жобаларды (50-ден кем емес) аудан әкімдіктері ағымдағы жылы іске асыратын болады.
Еске салсақ, 2023 жылы "Халық қатысатын бюджет" жобасын қаржыландыруға қосымша бөлінген сома 7 млрд теңгені құрайды. Бір жобалық ұсыныстың ең жоғары құны 86,2 млн теңгеден (25 мың АЕК) аспауға тиіс. Осы жобалардың жиынтық құны әрбір аудан үшін "Халық қатысатын бюджет" лимитінен (875 млн теңге) аспауы тиіс.
Дауыс беру қорытындылары budget.open-almaty.kz порталында жарияланады. 2023 жылғы 16 мамырға дейін "Жобалар бойынша материалдар" бөлімінде.
"Халық қатысатын бюджет" бойынша консультацияны Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінен, сондай-ақ Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінен + 7 (727) 224 39 29 (ішкі. 203), 1308 алуға болады
Еске сала кетсек, "Халық қатысатын бюджет" жобасы Алматыда 2019 жылдың тамыз айында іске қосылды. Сол жылы Алматы тұрғындарынан 333 ұсыныс келіп түсті, оның 49-ы іске асыруға мақұлданды; 2020 жылы – 795 (іске асыруға – 256), 2021 жылы – 934 (іске асыруға – 236) және 2022 жылы 1251 ұсыныс түсті (іске асыруға – 205) жоба жүзеге асты.