Алматыда 11 қыркүйекте Central Asia Fintech Summit 2026 халықаралық саммиті ұйымдастырылады. "Алдағы онжылдықтағы қаржы нарығының архитектурасы" тақырыбын арқау еткен жиынға қаржы секторының жетекшілері, ірі финтех-компаниялардың басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара Алматыдағы "Целинный" заманауи мәдениет орталығында өткізіліп, басты назар "Сенім дәуірі: алдағы онжылдықтағы қаржы нарығы қандай болады?" тақырыбына аударылады.
Бағдарламада цифрлық экономиканың даму үрдістері, жаңа буын төлем жүйелері, трансшекаралық цифрлық қаржы, сондай-ақ қаржы саласындағы стратегиялық өзгерістер талқыланады. Сарапшылар жасанды интеллектіні экономикада қолдану тәжірибесі мен қадағалау технологияларының даму бағыттарына да тоқталады.
Сонымен қатар, қатысушылар цифрлық қаржы активтері нарығындағы жаһандық бәсекелестік, кибералаяқтыққа қарсы тиімді тетіктер және қаржы технологияларына деген сенімді арттыру мәселелерін талқылайды.
Саммит барысында Орталық Азиядағы финтех экожүйесін дамытуға бағытталған жаңа бастамалар таныстырылып, цифрлық экономиканың қауіпсіздігі мен технологиялық қоғамдастықтарды дамыту саласындағы үздік жобалар марапатталады.