Алматыда қасиетті Рамазан айында қандай іс-шаралар өтеді?

Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталып, 21 сәуірде аяқталады. 

Алматыда қасиетті Рамазан айында қандай іс-шаралар өтеді? Фото: Zakon.kz

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында Алматы қаласының бас имамы Төлеби Қажы Оспан мәлімдеді.

"Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталып, 21 сәуірде аяқталатынын естеріңізге салғымыз келеді. Сәуірдің 17-нен 18-не қараған түн – Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі", - деп хабарлады спикер.

Биыл пітір садақа мөлшері – 535 теңге болып бекітілді.

Сондай-ақ имам алматылық кәсіпкерлерді еліміздің Бас мүфтиінің әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендету туралы үндеуін қолдауға шақырды.

"Осы сәтті пайдаланып, барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімізді жеткіземін", - деп толықтырды спикер.

Сонымен бірге, Алматыда қасиетті Рамазан атап өтудің жоспары бекітілгені белгілі болды.

Биыл қаладағы 54 мешіттің  50-інде тарауих намазында құран хатым түсіріледі. Қалған 4 мешітте, атап айтсақ: Медеу ауданы "Исмихан" мешіті, Наурызбай ауданы "Күлиза ана" мешіті, Түрксіб ауданы "Макка" мешіті, Түрксіб ауданы "Ар-Рахим" мешітінде тарауих намазы құран хатымсыз оқылады.

Алматы орталық мешітінде "Рамазан шатыры" құрылып, күнделікті 500 кісіге ауызашар дастарханы жайылмақ. Сондай-ақ, қала мешіттерінде де ауызашар беріледі.

Биылғы жылды ҚМДБ "Ислам және Ізгі қоғам" жылы деп жариялағандықтан ораза айында "Рамазан – ізгілік айы" аясында түрлі шаралар: кездесу, семинар, дөңгелек үстел, сұхбат, уағыз-насихат, қайырымдылық т.б. ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, Алматы тұрғындары арасында "Жарапазан-Party" байқауы өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу