Оңтүстік астанада Қазақстан-Люксембург бизнес-форумы өтті, онда тараптар экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы, Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ, "Qaz Trade" ҰК" АҚ Алматы қаласының индустриялық аймағының өкілдері Қазақстандағы инвестициялық ахуал туралы панельдік сессияға қатысты.
Бизнес-форум Go International сауда миссиясы аясында ұйымдастырылды.
Люксембург делегациясының құрамында Люксембург елшісі, Люксембург сауда палатасының президенті, Қазақстандағы БеНиЛюкс сауда палатасының президенті, сондай-ақ технологиялар, жоғары технологиялық өндірістер және қаржылық қызметтер саласында жұмыс істейтін Люксембургтің 14 ірі компаниясы қатысты.
Бенилюкс сауда палатасының бас директоры Әнуар Куржекеев іс-шара барысында Қазақстан мен Люксембург арасындағы тауар айналымы осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 16 млн долларға жеткенін хабарлады.
Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, бүгінде Алматыда 45 люксембургтік кәсіпорын тіркелген, оның 37-сі жұмыс істеп тұр. Люксембург пен Алматы қалалары арасындағы тауар айналымының көрсеткіші 2023 жылғы қаңтар-шілдеде 4,7 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59% - ға жоғары көрсеткіш.
"Қазақстан мен Люксембург географиялық орналасуы ұқсастығынан басқа (Люксембург – Еуропаның ортасында, Қазақстан – Еуразияның ортасында) елдерімізде көптеген этностың өкілдері тұрады. Оларды өзара құрмет пен достық біріктіреді. Мұның бәрі елдерімізге жасыл, цифрлық экономика, ғылыми және технологиялық салаларда дамып келе жатқан ынтымақтастықтың "ортақ нүктелер" мен жаңа нишаларды табуға мүмкіндік береді. Бізде сауда-экономикалық салада ғана емес, білім, ғылым және мәдениет саласында да ынтымақтастық үшін үлкен әлеует бар. Студенттермен алмасу, бірлескен іскерлік, мәдени іс-шаралары өткізу, ғылыми жобаларды ұйымдастыру өзара терең қарым—қатынас орнатуға ықпал етеді", – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Айнұр Баспақова.
Осы жылдың 2-6 қазанына арналған Люксембург іскерлік миссиясының бағдарламасы Алматы және Астана қалаларында министрліктер, ведомстволар және қазақстандық компаниялардың өкілдерімен кездесулерді қамтиды, олардың нәтижесі бойынша әріптестік туралы нақты уағдаластықтар жасалмақ.