Сыртқы саяси ведомство басшысы өз сөзінде Қазақстанның Ұйым Жарғысы мен оның халықаралық бейбітшілік, қауіпсіздік және орнықты дамуды қолдаудағы негізгі рөліне деген бұлжымас бейілділігін растады.
Ол сондай-ақ жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған басты ережелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
"Реформа жүйелі де ұзақ мерзімді сипатқа ие, сондай-ақ құқық үстемдігін нығайтуға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге бағытталады", – деп атап өтті Е.Көшербаев.
Бұл ретте Министр Негізгі заңға ұсынылған өзгерістер бойынша түпкілікті шешім 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумның қорытындылары бойынша қабылданатынын баса айтты.
Кездесу барысында тараптар 2026-2030 жылдарға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі ынтымақтастықтың негіздемелік құжатындағы басым бағыттарды талқылады. БҰҰ Елдік тобының алдағы кезеңге арналған жоспарлары және өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту жөніндегі ұсыныстар таныстырылды.
Алматы қаласындағы БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын дамытуға ерекше назар аударылды.
"Орталық Ұйымның өңірдегі қатысуын нығайту мен көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетуге Қазақстанның қосқан нақты үлесі", – деп атап өтті Е.Көшербаев.
Министр БҰҰ агенттіктеріне 22-24 сәуірде өтетін Өңірлік экологиялық саммитті дайындауға белсенді атсалысып жатқаны үшін алғыс білдіріп, саммит аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын талқылауға арналған халықаралық консультацияларды өткізу жоспары туралы баяндады.
Қазақстанның цифрлық трансформациясы тұрғысынан Алматыда БҰҰ АзТМЭӘК-ның Азия және Тынық мұхиты аймағы үшін орнықты даму жөніндегі цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасының маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша ел мен өңірдің орнықты дамуы мақсатындағы нақты өзара іс-қимылды тереңдету, күш-жігерді үйлестіру және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге деген өзара мүдделілік расталды.