Алматының Медеу ауданында мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қазтай Нұрманбетұлы Ұлтарақовтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ескерткіш тақта қайраткер тұрған Төлебаев көшесіндегі 142-үйдің қасбетіне қойылды.

Қазтай Ұлтарақов 1942 жылы майданға өз еркімен аттанып, Калинин майданында бөлімше, взвод және жеке шаңғышылар батальонының командирі болды. 1943 жылы ауыр жараланып, әскери ерлігі үшін Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.
Соғыстан кейін ол басшылық қызметтер атқарып, экономика ғылымдарының кандидаты атанды. Елге сіңірген еңбегі мен мемлекетке адал қызметі үшін Ленин орденімен, екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, "Құрмет белгісі" орденімен және бірқатар медальмен марапатталған.

Мемориалдық тақтаның ашылу рәсімінде қайраткердің өмір жолы мен қоғамдық қызметі еске алынды.