Оның айтуынша, университеттің жөндеу жұмыстарын жүргізген "Сұңқар" ЖШС өзіне артылған міндетті толық орындамаған.
"Жөндеу жұмыстарының дер кезінде аяқталмауы салдарынан химия, физика кабинеттері және зертханалар жабық тұр", – деп хабарлады оқу ордасының басшылығы.
Айта кететіні, оқу ғимаратындағы жөндеу жұмысына мемлекеттік сатып алуды "Сұңқар" ЖШС ұтып алған. Алайда кейін қос тарап арасында дау туған.
"Сұңқар" ЖШС университеттің жөндеу жұмыстары бойынша жарияланған тендерді ұтты. Мемлекеттік сатып алу кезінде бастапқы бағаның құнын 69 пайызға дейін түсірген. Ең төменгі бағаны ұсынумен тендерде жеңімпаз болса да, жұмысқа келгенде жауапсыздық танытты. "Сұңқар" компаниясы бізге келісім-шартты созуды ғана емес, ақысын қосымша көтеруді де сұраған. Біз бұл әрекетті дұрыс деп есептемейміз. Тендерді басқа бағамен ұтып алып, кейін тағы ақы сұрау заңсыздық", — деді Дархан Біләлов.
Енді университет басшылығы сапасыз жөндеу жүргізген компаниямен соттаспақ.
Ал "Сұңқар" ЖШС өкілдері жұмысты толық аяқтағандарын, керісінше университет өздеріне әлі 32 млн теңге берешек екенін айтып, БАҚ өкілдеріне шағымданған. Құрылысшылар ала жаздайғы еңбегінің ақысын талап етіп, оқу орнына келген. Олардың айтуынша, Қазыбек би, 30 мекенжайындағы университеттің 7 қабаттық оқу корпусына үш бірдей мердігер компания жөндеу жүргізген. Алайда іс біткен соң университет басшылары сан түрлі сылтаумен ақысын толық төлемей отыр, деп шағымданды.