Алматыдағы қоғамдық көлік қозғалысының кестесі өзгерді. 24 наурыздан бастап қоғамдық көліктер кешкі сағат 21.00-ге дейін жұмыс істейтін болады, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
"Қоғамдық көлік жұмысының мониторингі мен талдауы жолаушылар ағынының 70%-ға төмендегенін көрсетті. Осыған байланысты төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Алматының жедел штабы қалалық маршруттардың жұмыс уақытын қысқарту туралы шешім қабылдады", - деп жазылған әкімдік таратқан хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін жолаушылар ағынының айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, қала тұрғындарының еркін қозғалуы үшін автобустар жоспарлы 95% шығумен штаттық режимде жұмыс істеуін жалғастырды. Қалааралық және қала маңындағы маршруттардың жұмысы тоқтатылды.