Алматыда қоғамдық көлік жүйесі мен жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл мәселе қала әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық еткен кеңесте қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылы қалада №96, №130 және №145 жаңа автобус маршруттары іске қосылды. Сонымен қатар қолма-қол ақшасыз төлемнің барлық түрін қолдайтын Avtobys жолақы төлеу жүйесін жаңғырту басталды. Жаңа жүйе "Оңай" сервисімен қатар жұмысын жалғастырады.
Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар желісі де кеңейтілуде. Қазіргі уақытта bus lane жолақтарының жалпы ұзындығы 84 шақырымды құраса, алдағы кезеңде оны 140 шақырымға дейін жеткізу жоспарланған.
Сондай-ақ Жуков, Уәлиханов және Манаев көшелерінде біржақты қозғалыс енгізілді. Мұндай тәжірибені жаз мезгілінде қаланың басқа көшелерінде де қолдану көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, қалада велоинфрақұрылым дамытылып, жол белгілері, жол таңбалары мен бағдаршамдар жаңартылуда. Аялдамаларға LED-таблолар орнатылып, электросамокаттар мен кикшеринг қызметтеріне қатысты жаңа ережелер енгізілмек.