Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасының мәліметінше, бұзақылық әрекеттерге қатысушылар анықталды және ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Олар төрт адам болған. Бастапқыда әрқайсысының рөлдері тағайындалған. Біреуі қоғамдық көлік жүргізушісінің назарын аударса, екіншісі – ұялы телефон камерасына не болып жатқанын түсіріп тұрған, тағы екеуі – тікелей орындаушылар, олар қоғамдық көліктің төбесіне шығып, отшашу ұйымдастырған. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Қазіргі уақытта аталған факт негізінде ҚР ҚК-нің 293 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар бұзақылардың әрекетінде ҚР ӘҚбК-нің 436 бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бар", – деп хабарлады Бостандық ауданы Полиция басқармасының басшысы Думан Аухадиев.
Спикер өз кезегінде, қоғамдық көлік жолаушыларына нақты қауіп төндірген жастардың мұндай келеңсіз әрекеттерінің шынайы себебін тергеу анықтайтынын атап өтті.
Айта кететіні, автобус төбесінен секірген бұзақылардың бірі бас жарақатын алған.