Алматыдағы Көк базар маңында автотұрақ ақысы қымбаттап, сағатына 150 теңгені құрамақ, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі "Алматы паркинг" ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"2021 жылдан бастап № 1501 аймағында сараланған тариф іске қосылады. Көкбазардың маңында 1 сағат тұрақ құны 150 теңге болмақ. Бұл өзгерістер тек сол базар маңындағы 317 тұрақ орнына байланысты", - деп жазылған хабарламада.
Осылайша компания тұрақ орнына қолжетімділікті 20%-ға арттыруды көздеп отыр. Яғни, тұраққа сұраныс жоғары болған сайын баға да қымбаттай түспек. Нәтижесінде көлік иелері мұнда ұзақ уақытқа темір тұлпарларын қоймайды.
"2020 жылы базар маңындағы тұрақтардың басқа жердегі тұрақтармен салыстырғанда 2 есе көп уақыт алатыны анықталды. Бұл жерде 1 орында күніне 2,6 көлік тұрады екен. 2017 жылы күніне 7 көлік айналатын. Кей кездерде автотұрақ 100% пайдаланылады. Бұл сол жерде тұратын адамдарға да ыңғайсыз әрі көлік иелері орын іздеп айналып жүрген кезде кептеліс туындайды", - деп жазылған компания таратқан хабарламада.
Еске сала кетсек, бұрын Көк базар маңында және қаланың өзге аймақтарында тариф сағатына 100 теңге болатын.