Алматыда қоқыс тастауға шығып, жоғалып кеткен жасөспірім 1 ай дегенде табылды

184

Алматыда қоқыс тастауға шығып жоғалып кеткен 16 жастағы Айдос Әкімбаев 25 күннен кейін табылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Тengrinews сайтына сілтеме жасап.

Алматыда қоқыс тастауға шығып, жоғалып кеткен жасөспірім 1 ай дегенде табылды Фото: Бейнежазбадан

Оның жоғалуы мен табылуына қатысты бір-біріне қарама-қайшы деректер айтылып жатыр.

Айдос Әкімбаев 28 шілде күні Мамыр-3 ықшамауданында үйінен қоқыс тастауға шығып, жоғалып кеткен.

Бейнебақылау камералары оны таңғы 10:53 шамасында түсіріп алғанымен, әрі қарайғы қозғалысын анықтау мүмкін болмады.

Қоқыс жәшіктеріне орнатылған камералар істемей тұрғандықтан, іздеу жұмыстары нәтиже бермей қалды. Жасөспірімді табу үшін туыстары мен еріктілер жұмылып, анасы әлеуметтік желілер арқылы көмек сұрады.

22 тамызда анасы ұлын өзі тапқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Айдосты белгісіз 3 адам Шымкентке ұрлап әкетіп, жертөледе ұстап, күш қолданған. Сосын Түркістан қаласына апарған, Айдос жанармай бекетінде қашып кете алған. Анасы ұлын сол кеткендегі киімімен, жүдеп-жадап, қатты күйзелген күйде көргенін айтты.

Алайда полиция басқа дерек келтірді. Ресми мәліметке сәйкес, Айдос аса ірі көлемдегі алаяқтық ісіне қатысты күдікті болған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, жасөспірім ұсталғаннан кейін медициналық тексеруден өткен, дене жарақаты анықталмаған, жағдайы қанағаттанарлық.

Қазір полиция анасының "ұрлап әкетті" деген нұсқасын тексеріп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша құқықтық баға берілмек.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жауапқа тартылатынын еске салып, халықты ресми дереккөзге сенуге шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу