Көліктердің мемлекеттік нөмірлерін ұрлап, олар үшін өтемақы талап еткен алматылық ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматыда ер адам көліктерден мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін шешіп алып, кейін оны иесіне ақы төлеген жағдайда ғана қайтарып жүрген.
"Күдікті күрделі емес "табыс табу" тізбегін ойлап тапқан. Түнде ол тұрақта тұрған көліктердің мемлекеттік нөмірлерін шешіп алып, көліктің айнасына ұрланған нөмірді қайтарып алу үшін өтемақы төлеу шарты жазылған жазуды қалдырып кеткен. Содан кейін іскер жігіт нөмірлік белгі жасырылған мекенжайды хабарлаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды. 21 жастағы А. есімді азамат, осыған ұқсас тағы 5 ұрлық жасағанын мойындады. Бұл эпизодтар бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабына ("Ұрлық") сәйкес соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", дейді Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды.