Бастаманың мақсаты – көліктердің шығарындысындағы зиянды заттардың деңгейін бақылау. Алматыда ауаның ластануының едәуір бөлігі көлік түтінінен болғандықтан, бұл мәселе ерекше маңызды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы арнайы ұйымдарды тарта отырып, көлік шығарындыларын бақылау жұмыстарын күшейтті. Қалада 19 стационарлық және 3 жылжымалы экобекет жұмыс істеп тұр.
Экобекет қызметкері Әбдіхамит Аманқұлдың айтуынша, 2024 жылы 204 996 өлшеу жүргізілген.
– 34 708 автомобильдің (17%) улы заттар шығару деңгейі белгіленген нормадан асып кеткені анықталды. Осыған байланысты 31 682 әкімшілік хаттама толтырылды, – деді ол.
Экологиялық бекеттердің тиімді жұмысының нәтижесінде нормадан асып кететін көліктердің үлесі азайды. Мәселен, 2020 жылы бұл көрсеткіш 20%-дан асса, 2024 жылы шамамен 17 пайыз болды.