Алдағы тәулікте қар жауып, сынап бағанасының төмендеуіне байланысты Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. Бұл туралы қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен тұрғын үй инспекциясының өкілдері айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазгидромет" РМК мәліметінше, 15 қаңтардан 16 қаңтарға қараған түні Алматыда жауған қар 17 қаңтар кешке дейін жалғасады. 16 қаңтарда түнгі және күндізгі ауа температурасы –5…–7 градус шамасында болады. Ал 17 қаңтарда түнде ауа температурасы –11…–13 градусқа дейін төмендеп, күндіз –7…–9 градус шамасында сақталады.
Осыған байланысты 15 қаңтардан бастап қаладағы барлық коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшірілді. Өндірістік базаларда жүргізушілер, механизаторлар мен жол саласы жұмысшыларының тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылды.
Көктайғақтың алдын алу мақсатында қар жауғанға дейін арнайы техника орналастырылатын аумақтарда 210 құм себетін көлік кезекшілікке қойылады. Сонымен қатар алдын ала негізгі магистральдық көшелерге сұйық реагенттер себілмек.
"Тәулік бойы 1030 бірлік арнайы техника, сондай-ақ жеке ұйымдардан тартылатын 200 техника мен 2710 жол саласы жұмысшысы жұмылдырылады. Аула аумақтарын тазалау жұмыстарына 1790 жұмысшы мен 256 бірлік арнайы техника тартылады", – делінген басқарма таратқан хабарламада.
Бұған қоса, жолдың қауіпті учаскелерінде, еңіс пен жоталарда, сондай-ақ жолайырықтарына кіріп-шығатые жолдарға көктайғақтың алдын алу және оны уақытылы жою үшін 75 жедел бригада жол жамылғысының жағдайын үздіксіз бақылап отырады.
Сонымен қатар Алматы қаласының Құтқару қызметі 16 бірлік арнайы техника мен 50 қызметкерді тарта отырып, тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 53 бірлік арнайы техника мен 244 адамнан тұратын жеке құрам кезекшілік атқарады.
Аудан әкімдіктерінде атқарылып жатқан жұмыстардың орындалуын бақылау мақсатында тәулік бойғы кезекшілік енгізіледі.
Күннің күрт суытуына, көктайғақтың пайда болуына, жолда қардың нығыздалып қатуына және тротуарларда мұз қатуына байланысты қала тұрғындарынан қауіпсіздік шараларын сақтау сұралады. Жүргізушілерге қозғалыс жылдамдығын азайтып, көлік арасындағы арақашықтықты ұлғайту және шұғыл маневр жасамау ұсынылады.
Жүргізу тәжірибесі аз автокөлік иелеріне жеке көлікпен жүруден уақытша бас тартып, қоғамдық көлікті пайдалануға кеңес беріледі. Ал жүргіншілерге тротуарларда абай болу, сондай-ақ көпқабатты үйлердің маңында сақтық таныту ұсынылады, себебі шатырдан қар құлауы мүмкін.