Алматыда коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілген пәтерлердің мақсатты пайдаланылуы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл басынан бері Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында 3 125 пәтер тексерілген.
Мониторинг барысында тұрғын үйлерді үшінші тұлғаларға заңсыз берген 172 жағдай анықталды. Оның 114-інде пәтерлер босатылса, қалған 58 жағдай бойынша сотқа дейінгі талаптар жолданған.
Тексеру кезінде пәтерлерді қосалқы жалға беру, жалдау шартында көрсетілмеген адамдардың тұруы және жалдау ақысын төлеу міндеттемелерін орындамау сияқты заң бұзушылықтар анықталған.
Заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы орган берген тұрғын үйді жалға алушылар қосалқы жалға алушыларды және уақытша тұрғындарды тұрғызуға құқылы емес. Мұндай тұрғын үйлерді үшінші тұлғаларға беру жалдау шартын бұзуға негіз болады.
Босатылған пәтерлерде қазір жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін олар тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі.
Коммуналдық тұрғын үйлердің мақсатты пайдаланылуын тексеру жұмыстары жалғасады.