Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданының Мамыр-1 шағын ауданындағы жаңа комьюнити орталыққа барды. Бұл жастар бас қосатын ортаға айналады. Ауданда 14-35 жас аралығындағы 102 мың адам тұрады, оның 7,8%-ы NEET жастар, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Комьюнити орталықта білім беру және мәдени іс-шаралар өткізіледі, жастар білікті психологиялық және заң көмегін алып, жұмысқа орналасу үшін көмек сұрай алады. Онда резиденттер үшін барлық қызмет тегін.
"Бізге кері байланыс қажет: барлық білім беру және біліктілікті арттыру курсы, жастар бағдарламасын қазіргі заманға бейімдеу керек десеңіздер, қайта қарастыруға дайынбыз. Мемлекет басшысы өз сұхбатында айтқандай, жастарға ерекше көңіл бөледі. Алдағы 2-3 онжылдық жастардың қолында", - деді Ерболат Досаев.
Комьюнити орталықтарды дамыту жөніндегі жоба – Қазақстанда жалғыз. 8 комьюнити орталық жылына 800 мыңнан астам жасқа қызмет көрсетеді. 2025 жылға қарай мегаполисте 16 комьюнити орталық болады.