Алматыда көп қабатты үй өртеніп, елу адам, оның ішінде 8 бала қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды 24.kz.
"16 ақпан күні 13:38-де Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің "101" пультіне Медеу ауданы Гоголь көшесі, 75-үйдегі пәтерлердің бірінің балконынан өрт шыққаны туралы хабар келді. Өрт сөндірушілердің алғашқы легі 13:44-те оқиға орнына жетті", – деп мәлімдеді Алматы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.
Ақпаратқа сәйкес, 9 қабатты тұрғын үйдің 2-қабатындағы пәтердің балконында тұрған заттардан өрт шығып, артынша үйдің ішіне енген. 50 адам, соның ішінде 8 бала эвакуацияланды.
Өрт сөндірушілердің шұғыл әрекетінің нәтижесінде тілсіз жаудың жоғарыдағы пәтерлерге таралуының алды алынды. Жалын шарпыған аумақ 25 шаршы метр. Өрттің 13:54-терде жалыны басылып, 14:01-де толықтай сөндірілді. Дене жарақатын алғандар, күйік шалғандар жоқ.