Алматыда көпбалалы аналар үшін әлеуметтік нысан салынады

1170

Ерболат Досаев қалада салынып жатқан және апатты объектілерімен танысты. 

Алматыда көпбалалы аналар үшін әлеуметтік нысан салынады

Бүгінде Наурызбай ауданының Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс, Таусамалы шағын аудандарында 149,6 шақырым су құбыры және 74,8 км кәріз желілерін тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін ауданның 150 мың тұрғыны ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Белгіленген бірінші бағыт "Қарғалы" сүзгі стансасы болды, оның құрылысын биылғы жылдың шілдесіне дейін аяқтау жоспарлануда. Жаңа станса ауданның 40 мыңнан астам тұрғынын сумен (Қарағайлы, Қарғалы, Тастыбұлақ, Құрамыс шағын аудандары) қамтамасыз етеді.
Осы шағын ауданда тұрғындардың жайлылығы үшін "Халықтың бюджетке қатысуы" бағдарламасы аясында балалар, ойын және спорт алаңдары салынды. 

Ерболат Досаев бағдарламаны қаржыландыруды 500 млн теңгеге (1,8 млрд теңгеге дейін) ұлғайтуды тапсырды.

Сапар барысында Қарағайлы шағын ауданындағы дәрігерлік амбулаторияның апатты ғимараты бойынша шешім қабылданды. Нысан сейсмикалық қауіпті және 2018 жылы пайдалануға жарамсыз деп танылған. Алматы әкімінің ұсынысы бойынша амбулатория орнына "Әлеуметтік қызметтер үйі" жобасы үлгісінде көпбалалы аналар үшін әлеуметтік нысан салынады.

Қала басшысы Құрамыс шағын ауданындағы мемлекеттік меншіктегі жерлерде (6 га) емхана мен балабақша салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауды тапсырды.
Көшпелі жиын барысында қала басшысы инженерлік желілердің құрылысына, жол жабынын қалпына келтіруге ерекше назар аударды. Қалалық мобильділік басқармасына Тастыбұлақ шағын ауданындағы биылғы жылы ұзындығы 4,5 км жолды асфальттау тапсырылды.

Қаладағы бау-бақша қоғамдастықтарының мәселесі өткір тұр, осыған байланысты аудан әкімдіктері Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасымен бірлесіп олардың мәртебесін наурыз айының соңына дейін анықтайды. 

“Тастыбұлақ және Ақжар шағын аудандарындағы су құбыры мен кәріз желілеріне қосу үшін жаңа жобаға бау-бақша қоғамдастықтарының ескерілмеген көшелерін енгізу қажет”, – деді шаһар басшысы.

Қала әкімі биылғы жылдың наурыз айында балаларды қабылдайтын Ақжар шағын ауданындағы 120 орынды жаңа балабақшаны аралап көрді. Сонымен қатар, көшпелі кеңес барысында (ауданның әкімшілік орталығы) мектеп пен бассейні бар 15 га дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселесін шешуді тапсырды.

Айналма жол кезінде мегаполис басшысы Төле би көшесі мен Абай даңғылын ұзартудың жай-күйін тексерді. Ерболат Досаев жер учаскелерін сатып алу процесін жеделдету және осы жобаларды 2022-2023 жылдары кезең-кезеңмен іске асыруды бастау қажеттігін атап өтті. Сапар барысында Наурызбай ауданының әкімшілік орталығына дейін метрополитенді жобалау мәселесі қаралды.

Жұмыс сапары соңында қала әкімі биылғы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған Абай шағын ауданындағы ("Алма Сити-5" ТК, "Qazaq Stroy" мердігерлік ұйымы) 1200 орынды мектеп құрылысының барысымен танысты. Сондай-ақ Шұғыла шағын ауданында (Алатау даңғылы және "Алем Сити" ТК) қосымша екі мектепті іске қосу жоспарлануда.

Жалпы ауданда 2022 жылы барлығы 8390 орынды 7 мектеп және 1320 орынды 5 балабақша салу жоспарлануда.

Шара қорытындысы бойынша қала басшысы Наурызбай ауданы әкімінің жұмысын мақұлдады және "Шетсіз қала" бағдарламасы аясында ауданды одан әрі дамытуды жалғастыруды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу