Алматыда коронавирус жұқтырған 82 адам тіркелді

695

30 наурызда Ыстамбұл – Алматы рейсімен ұшып келген 5 адамнан инфекция анықталды.

Алматыда коронавирус жұқтырған 82 адам тіркелді Фото: Максим Морозов

Алматыда COVID – 19 жаңадан анықталған тоғыз адамның барлығы шетелден келгендер, деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев. 

"30 наурызда Ыстамбұл – Алматы рейсімен ұшып келген 5 адамнан, 29 наурыз күні Минск – Алматы рейсімен келген 1 адамнан және осы айдың әр күндерінде Дубайдан келген 3 адамнан инфекция анықталды. Қазіргі уақытта Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 82 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 7 адам стационарда емделіп, 14 күндік үй карантиніне шықты. Олардың қатарында төрт – ер адам, екі әйел және бір бала бар", – деді Тілеухан Әбілдаев.

Бүгінде қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында барлығы 76 науқас коронавирустан емделіп жатыр, оның 2-уі бала. Тілеухан Әбілдаевтің айтуынша, емдеуге жатқызылғандардың бірі – Алматы облысының тұрғыны. 1971 жылы туған азаматша ЖРВИ белгілерімен жағдайы нашарлап, Алматыдағы көпбейінді клиникалық ауруханаға жүгінген екен. 

"Оған белгілі бір зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде екі жақты төменгі дәрежелі пневмония анықталды. Сондай-ақ COVID 2019-ға талдаулар алынып, нәтижесі расталды. 30 наурызда ол біздің қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына емдеуге жатқызылды", – деді басқарма басшысы.

Бүгінде 66 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық. Бір ересек науқастың жағдайы ауыр. Ал 9 ересек адамның жағдайы орта ауырлық дәрежесінде. 

"Екі жасар баланың жай-күйі жақсарып, қанағаттанарлық жағдайға жетті. Бүгін соңғы талдауларын күтіп отырмыз. Егер талдауы теріс нәтиже берсе, онда ауруханадан шығаруға дайынбыз", – деді Тілеухан Әбілдаев.

Қазіргі кезде Алматы провизорлық орталықтарында 697 адам карантинде жатыр. Оның 84-і бала. Екі күндік карантинде 1029 азамат және 3156 адам үй карантинінде.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу