Алматыда күзде ЖРВИ мен тұмау кезінде эпидахуалдың нашарлауын алдын алу үшін коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстары күшейтіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың Қоғамдық денсаулық басқармасы, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының және жеке медициналық ұйымдардың басшылығымен онлайн кеңесі барысында айтылды.
"Кеңесте қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен жекеменшік медициналық ұйымдарға бекітілген тұрғындарды вакциналау қарқыны талқыланды. Бүгінде Алматыда 35 алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйым бар. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген қызметтің талдау нәтижелері бойынша жеке медициналық-санитарлық көмек көрсететіндердің жұмысына қатысты түскен шағымдар 3,5 есеге артқан. Онда тіркелген халықтың аздығына қарамастан, шағымдардың үлесі жоғары. Осыған байланысты, медициналық қызмет көрсету сапасының нашарлауын болдырмау үшін медициналық қызметтерді тұтынушылардың шағымдарының негізділігін растау мақсатында материалдар Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментіне жіберіледі", – деп жазылған әкімдік таратқан хабарламада.
Алматыда қазіргі уақытта 22 жеке медициналық-санитарлық көмек көрсетуші өз өндірістік базасында вакцинация жүргізеді, қалғандары егу бөлмелерін ашпақ. Вакциналаудың оң көрсеткіштері Алматы теміржол ауруханасы сынды бірнеше ұйым көрсеткіштерінде байқалады.
"Басқаларында вакцинация қарқынын тездетуі қажет. Вакцинация қарқыны коронавирустық инфекцияның таралу жылдамдығынан және жұқтырғандар санының өсуінен артта қаламауы керек. Бұл қаланың денсаулық сақтау жүйесіне жалпы жүктемені арттырады. Медициналық қызмет көрсетушілердің қолданыстағы құзыреті аясында шарттық міндеттемелерді орындауын бақылау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Бүгінде Алматыда вакциналау қарқынының деңгейі тәулігіне 8,5 мың. Сонымен қатар, инфекцияның жаңа жағдайларын тіркеу жалғасуда. Емдеуге жатқызу деректері 700 жағдайдан асады. Қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығы үшін COVID-19-ға қарсы вакцинамен қамтуды кеңейту үшін бірлесе жұмыс жасау қажет. Коронавирустың басқа респираторлық инфекциялармен қабаттасуын болдырмау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру әсіресе ЖРВИ және тұмау маусымының алдында маңызды", – деді Ержан Бабақұмаров.