Алматыда коронавирустық инфекция жұқтырған 119 жағдай тіркелді

805

Жаңадан инфекция анықталған үш адам науқастармен байланыста болғандар. 

Алматыда коронавирустық инфекция жұқтырған 119 жағдай тіркелді

Алматыда коронавирустық инфекция жұқтырған 119 жағдай тіркелді. Бұл туралы қалалық әкімшілікте өткен онлайн брифингте Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

"Қазіргі кезде жұқпалы аурулар емханаларында 99 науқас емделіп жатыр. Оның 4-і  бала. Коронавирустық инфекцияны жұқтырудың жаңа үш жағдайы анықталып отыр. Олардың бәрі науқастармен байланыста болып, жұқтырған. Біреуі 1975 жылы туылған ер адам болса, қалғандары 1962 және 1964 жылы туылған әйелдер. Ер адамның жағдайы орташа ауырлық күйінде. Тексеріс барысында одан пневмония анықталған. Ал әйелдердің жағдайы қанағаттанарлық", – деді Тілеухан Әбілдаев. 

Науқастармен байланыста болған барлық адамдар карантинге жатқызылған. Сонымен қатар басқарма басшысы ауруханада жатқан науқастардың жағдайы туралы мәлімет берді. 

"80 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, 2 ересек адамның жағдайы өте ауыр болса, 4 науқастың халі ауыр, 13 ересек адамның жай-күйі орташа ауырлық деңгейінде. Провизорлық орталықтарда қазір 318 адам болса, олардың 35-і балалар. Тек кеше ғана осы провизорлық орталықтардан 203 адам емдеуден шығарылды. Олардың 44-і балалар. Бұлардың барлығы 14 күндік карантинде болып, инфекция жұқтырмағандығы анықталды", – деді Тілеухан Әбілдаев.

Алматыда 385 адам оқшауланған. Оның 39-ы балалар, ал үй карантинінде — 5144 адам отыр.

Айта кетейік, мегаполисте коронавирустан емделіп шыққандардың жалпы саны – 21 адам.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу