Алматыда тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көшкін қаупі жоғары тоғыз учаскеде беткейлерді нығайту жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала әкімдігінің мәліметінше, инженерлік жұмыстар "Медеу" биік таудағы мұз айдыны маңындағы беткейде, Шымбұлаққа апаратын автожолда, Кеңсай-2 зиратына баратын жолда және "Сарысай" бөгетіне апаратын эвакуациялық жол бойында жүргізілді.
Сондай-ақ Қожамияров және Палладин көшелерінде, "Кемел" зираты аумағында, Усиков көшесіндегі ("Медеу" тұтыну кооперативі) және "Ақжартау" бау-бақша серіктестігіне кіреберіс жолда да беткейлер бекітілді.
Қазіргі уақытта аталған аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Мамандар қаладағы көшкін қаупі бар беткейлерді тексеруді жалғастыруда. Биыл тағы жеті қауіпті учаске анықталып, олар бойынша жобалық шешімдер әзірленіп жатыр. Кейін бұл аумақтарда да беткейлерді нығайту жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар таулы аймақтарда төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ескерту тақталары орнатылып, тұрғындар мен туристерге қолайсыз ауа райы туралы SMS-хабарламалар жіберіледі. Қажет болған жағдайда кейбір тау бағыттарына уақытша шектеулер енгізіледі.