Алматыда курьерден ұрланған тапанша мен оқтар тәркіленді

408

Күдіктілердің біреуі қарақшылық шабуылы үшін бірнеше рет сотталғаны белгілі болды

Алматыда курьерден ұрланған тапанша мен оқтар тәркіленді Фото: Polisia.kz

Алматыда екі ер адамның курьерлік сөмкесінен ұрланған тапанша мен оқ-дәрілер тәркіленді, деп хабарлайды  Inbusiness.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, мопедке мінген екі ер адамды Талғар күре жолы бойындағы полиция экологиялық бекетінде тәртіп сақшылары тоқтатқан.

"44 және 41 жастағы азаматтардың курьерлік сөмкелерін тексеру барысында Grand Power тапаншасы мен әртүрлі 17 оқ табылды. Алдын ала тексеру барысында аталған қарудың газды тапанша екендігі және травматикалық оқпен атылатыны анықталып, кейінірек қарудың ұрланғаны белгілі болды. Аталған дерек сот алды тергеу тізіліміне ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-тармағы бойынша тіркелді", – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.

Полицейдің айтуынша, ұсталған күдіктілердің біреуі бұрын бірнеше рет қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталғаны белгілі болды.

"Бұл дерек бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс барысында сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды", – деп атап өтті Ілияс Өмірсеріков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу