Алматыда жаңа құрылыс ережелері мен қала құрылысы регламенті әзірленіп, мегаполистегі құрылысқа қатаң шектеулер енгізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Менің әкім ретінде жұмысым нүктелі құрылыс мәселесінен басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 19 нысан анықталып, олармен жұмыс жүргізілді, кейбірін бұздық, кейбірін сатып алдық. Барлық мәселе шешілді. Жаңа құрылыс ережелері мен қала құрылысы регламентінде біз бұл мәселелерді бекіттік", – деді қала әкімі.
Жалпы, 2022 жылдың басынан бастап Алматыда құрылысқа бақылауды күшейту аясында барлығы 69 құрылыс нысаны, оның ішінде 26 тұрғын үй және 43 коммерциялық нысан, толық немесе жартылай бұзылды.
Негізгі бұзушылықтар – рұқсат беру құжаттарының толық болмауы және келісілген жобалық эскиздерден ауытқулар. Мұндай нысандарды бұзу сот шешімімен жүргізіледі.
Мысалы, Абай даңғылы мен әл-Фараби даңғылы арасындағы аумақта 9 қабаттан жоғары тұрғын үйлер салуға тыйым салынады, тек ерекше нысандарға рұқсат беріледі.
Құрылыс тек қоғамдық маңызы бар, тұрақтылық пен экологиялық шешімдердің сақталуын қамтамасыз ететін, энергия тиімді және ресурсты үнемдейтін технологияларды қолданатын жобалық негіздеме болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Шығыс айналма автомобиль жолының оңтүстік бөлігінде, әл-Фараби даңғылы, Саин және Жандосов көшелерінің бойында, 15 градус және одан жоғары еңістегі тау беткейлерінде құрылысқа тыйым салынады. Реконструкция кезінде террасалар мен техникалық қабаттарды қайта құрылымдауға да рұқсат жоқ.
"Қалада III класстан төмен тұрғын үй салынбайды. Барлық тұрғын үйлердің нүктелі орналастырылуы мен аула аумақтарындағы құрылыс тоқтатылады.
Бұған қоса, жаңа ережелер мемлекеттік органдардың көпқабатты тұрғын үйлерді қабылдау және пайдалану жөніндегі бақылау функцияларын күшейтеді, сондай-ақ, сәулет-құрылыс бақылау органдарының өкілеттіктерін кеңейтеді", –деп атап өтті әкім.
Қазір құрылыс ережелері мен қала құрылысы регламенті ашық түрде талқылауға ұсынылды. Жыл соңына дейін олар мәслихат депутаттарына ұсынылатын болады. Егер мақұлданса, 2025 жылдың басынан бастап күшіне енеді.
"Егер мәслихат жаңа құрылыс ережелерін мақұлдаса, біз қалада жұмыс істейтін негізгі шарттарды түбегейлі бекітеміз және жеке тұлғалардың мәселесін шешеміз. Олар бүгінгі күні реттеу аймағынан тысқары қалып, тау бөктерін кесіп, жаңа үйлер салып жатыр. Бұл ең алдымен олардың қауіпсіздігі үшін маңызды, – деді Ерболат Досаев.