Алматыда құрылысы аяқталмаған екі көпқабатты үй сүріледі

574

Оның орнына саябақ салынады. 

Алматыда құрылысы аяқталмаған екі көпқабатты үй сүріледі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесуінде "Зерделі" ықшам ауданындағы мәселеге назар аударды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Шағын аудан тұрғындары қала әкімімен алғашқы кездесуде құрылысы аяқталмаған екі көпқабатты үйге қатысты ой қозғаған. Тұрғындардың айтуынша, бұл нысандар балаларға қауіп төндіреді.  

"Тұрғындардың өтініші бойынша биылғы жылдың соңына дейін бұл үйлерді бұзу туралы шешім қабылданып, жер телімінде (30 гектар) жасыл саябақ пен балалар алаңын құру жоспарлануда", – деді әкім. 

Сондай-ақ шаһар басшысы тұрғындардың өтініші бойынша биыл ықшамаудандағы 63 үйдің қасбеті сырланатынын жеткізді.  

"Қажетті қаржы бөлінді, мердігер анықталды. Жұмыс тамыз айында басталып, қараша айында аяқталады", – деді Ерболат Досаев.

Бұған қоса әкім "Зерделі" ықшам ауданындағы қисайған үйлер мәселесін толық шешу мақсатында ғимараттарды нығайту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда қажетті 30 үйдің 23-інде нығайту жұмыстары аяқталды. Қалған 7 үйдің жұмысы желтоқсанға дейін бітеді.  

"Сонымен қатар тұрғындардың өтініші бойынша "Зерделі" шағын ауданы маңындағы Момышұлы көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер өткелінің лифттерін қалпына келтіру жұмыстары тамыз айында басталады. Мердігер ұйым анықталды, жұмыс қазан айында аяқталады", – деді Ерболат Досаев.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу