Алматыда Бұқтырма-Құлжа, Сейфуллин-Жансүгіров және Сайын-Мөңке би жол айрықтарының пайдалануға берілетін мерзімі белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бұл туралы қалалық Мобильділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов мәлім етті.
"Қазіргі кезде Алматыда Бұқтырма-Құлжа, Сейфуллин-Жансүгіров және Сайын-Мөңке би жол айрықтарының құрылысы жалғасуда. Бұқтырма мен Құлжа трактінің түйіскен жерінде жұмыс кестеге сай жүргізілуде. Қала аумағындағы жер телімдерін сатып алу толығымен аяқталды. Талғар ауданы аумағынан екі жер телімін сатып алу қалды. Бұл мәселемен Алматы облысының әкімдігі айналысады. Әріптестердің айтуынша, бұл процесс жақын арада аяқталады. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін эстакада мен пандустарды салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, сол арқылы барлық бағыттағы көліктердің өтуін қамтамасыз ету жоспарлануда. Биылғы жылдың қыркүйек айына дейін толық аяқтау жоспарланған", – деді спикер.
Оның айтуынша, Сейфуллин мен Жансүгіров жол айырығындағы сатып алынған учаскелерде де жұмыстар жүргізілуде.
Дегенмен әлі де сатып алынатын 16 жер телімі бар. Қазіргі уақытта сот жүріп жатыр. Басқарма басшысы атап өткендей, жол айрығының құрылысы осы учаскелер сатып алынған соң ғана жүргізілетін болады. Жұмыс толығымен 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған.
"Сайын мен Мөңке би жол айрығында дайындық жұмыстары басталды. Биыл бұл жол жерде де қозғалысты ашу қарастырылған. Бірақ жұмыстың толық аяқталуы 2023 жылға жоспарланған", – деп түйіндеді Ғани Мырзаханов.
Еске сала кетсек, өткен жылы Алматыда Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жол айрығының құрылысы аяқталған. Желтоқсан айында мұнда көлік қозғалысы ашылды.
Құралай Құдайберген