Алматыда құтқарушылар Көкжайлау шатқалында адасып кеткен екі жасөспірімді тауып, қауіпсіз жерге жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға өткен түні Медеу ауданындағы Көкжайлау шатқалында болған. "БАО" құтқару қызметінің мәліметінше, 2008 және 2010 жылы туған жасөспірімдер тауға серуендеуге шығып, қараңғы түскен соң туристік соқпақтан адасып қалған. Өздігінен кері қайта алмаған олар құтқарушылардың көмегіне жүгінген.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында мамандар жасөспірімдерді жедел тауып, оларды аман-есен Экопостқа дейін жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Кейін жасөспірімдер үйлеріне өздігінен қайтты.
Құтқарушылар тұрғындарға тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлап, ауа райы болжамын ескеруге, қараңғы түскенге дейін кері қайтуға және баратын бағыты туралы жақындарына міндетті түрде хабарлауға кеңес береді.