Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Проходное (Алмарасан) шатқалында құтқарушылар тауда адасып кеткен төрт жасөспірімді тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР ТЖМ "Барыс" құтқару қызметінің мамандарына түнгі уақытта жасөспірімдердің байланысқа шықпай қалғаны туралы хабарлама түскен. Осыдан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары дереу ұйымдастырылды.
Іздеу бағытын анықтауға жасөспірімдердің бірінің бұған дейін түсіріп жіберген бейнежазбасы көмектесті. Байланыстың болмауына және нақты геолокацияны анықтау мүмкін еместігіне қарамастан, құтқарушылар таулы аумақты толық тексерді.
Нәтижесінде төрт жасөспірім Терра алаңы маңынан, тау лашығынан жоғары орналасқан аумақтан табылды. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.
Құтқарушылар жасөспірімдерді қауіпсіз түрде тау соқпағымен төмен түсіріп, ата-аналарына тапсырды.