Алматыда коронавирустың алдын алу мақсатында Қытай, Иран, Монғолия мен Қазақстанның 131 азаматы ауруханаға карантинге жатқызылған. Бұл туралы әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
"3 наурыздағы жағдай бойынша бірінші "а" санатындағы стационарларға 131 адам жатқызылған. Олардың ішінде Қазақстан, Иран, Монғолия мен ҚХР азаматтары бар",– деді басқарма жетекшісі.
Сонымен қатар Тілеухан Әбілдаев бірінші "б" санатындағы Гонконг, Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Жапония мен Италиядан келген азаматтар үй жағдайында 14 күнге карантинге жатқызылатынын айтты. Алматы қаласында қазір аталған санат бойынша 119 адам бақылауға алынған. Ал екінші санат (Сингапур, Тайланд, Әзербайжаннан келген азаматтар) бойынша 955 адам тұрғылықты мекен-жайын бойынша дәрігерлер назарында.
Сонымен қатар басқарма жетекшісі Covid-19 коронавирустық инфекциясы Алматыда анықталмағанын атап өтті.
Жалпы елімізде коронавирустық инфекцияның бірінші "а" санатына Қытай мен Иран кіреді. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес осы елдерден келген азаматтар 14 күндік карантинге жатқызылып, бақылауға алынады.