Алматыда қытай тілінде сабақ беретін балабақша ашылды

1263

Алматыда қытай тілінде сабақ беретін балабақша ашылды

Жас кәсіпкер 20 млн теңге бөліп, 70 орынға шақталған балабақша ашқан. Онда қазақ, орыс және ағылшын тілдері де қатар оқытылады. Мекеме "Туған жер" бағдарламасы бойынша қолданысқа берілген, деп хабарлайды almaty.tv.

Жаңа балабақша 70 бүлдіршінге арналған. Балалар "Балапан" бағдарламасы бойынша тәлім алады. Яғни, ата-аналар айына 65 мыңның жартысын ғана төлейді. Қалғаны үкімет есебінен қаржыландырылады. Мектепке дейінгі мекеменің ашылуымен 15 маман жұмысқа орналасты. Балабақшаның құрылысына жас кәсіпкер 20 миллион теңге бөлген.

"Алматы мен Қазақстанда бірнеше балабақша ашуды жоспарлап отырмыз. Қолжетімді бағаға жасауға тырысамыз. "Балапан" бағдарламасымен жұмыс істейміз", - деді кәсіпкер Бақтияр Ахметбеков.

Медеу ауданында 18 мемлекеттік, 52 жеке балабақшада 7 мыңға жуық бүлдіршін тәлім алып жатыр. Балабақшаларда орындардың жетіспеушілігі әлі де бар. Осы күні кезекте 2 мыңнан аса бала кезекте тұр. Алайда, бұл мәселе ептеп шешіліп келеді. Биылдың өзінде 7 жеке мектепке дейінгі мекеме ашылыпты. 

"Балабақшадан басталады ғой барлығы да. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып, үлкен азамат болып, ер жетіп, біздің отанымыздың нағыз азаматы мен азаматшасы болсын", - деді қала тұрғыны Нұржамал Абилова.

Балабақша тәрбиеленушілері ата-аналарға және шақырылған қонақтарға, аудан басшылығы мен еңбек ардагерлеріне шағын концерт ұйымдастырды. Сонымен қатар, осы салада 50 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім, Аягул Миразова семинар өткізді. Онда рухани жаңару және мектепке дейінгі дайындықтың ерекшеліктері талқыланды. 

"Бүлдіршіндердің қадамына нұр бітсін деймін. Еліміздің үлкен азаматтары болып шығатын болсын. Ата-аналарына да және тәрбиешілеріне де тілейтінім - еңбектері жансын", - Қазақстанның еңбек ері Аягүл Миразова.

Жыл соңына дейін Медеу ауданында  12 жеке меншік балабақша ашылады. Осылайша 500-ге тарта бүлдіршін мектепке дейін тәлім ала алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу