Алматыда Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қозғалысының мерейтойлық 10-шы өңірлік конференциясы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды almaty.tv.
Үш күнге созылатын шараға әлемнің 54 елінен қоғамдық ұйымның өкілдері жиналды. Алматыдағы 54 елдің делегаттары қатысқан мерейлі форумды өткізуге испандық Мадрид қаласы да үміткер болатын. Алайда, Алматының таңдалуына Қазақстан Сирия келіссөздерін өткізуге алаң бергені себеп болған.
Жалпы шара Азия елдерінде алғаш рет өтіп жатыр. Биыл мамандар басты 3 тақырыпты талқылайды.
Халықаралық конференцияны ашқан Алматы әкімі мемлекет басшысының құттықтау сөзін оқып берді. Онда ұйымның заманауи өткір проблемаларды шешудегі, әскери шиеленістер мен табиғи апаттар кезінде зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетудегі ерекше рөлі атап өтілген.
Конференцияда әлемдегі миграция және еңбек миграциясы мәселесі көтереледі. Себебі түрлі қарулы қақтығыстардан зардап шеккендер бас сауғалап, Еуропа елдерін паналауда. Сондай-ақ ТМД елдері арасындағы еңбек миграциясының жайын таразыға салмақ. Жалпы Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қозғалысының ары қарайғы жұмысын ілгерілету мен жұмыстың сапасын арттыру мәселесі талқыланады. Алматыда әлемнің 54 елінің өкілдері Қызыл Крест пен Қызыл Жарты айдың халықаралық декларациясын қабылдайды. Айта кетейік, 17 милионнан астам еріктілердің басын қосқан ұйымның соңғы рет декларациясы 2014 жылы Флоренцияда қабылданған еді.
"Осы үш тема 3 күн бойы біздің Алматыда өтеді. Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы төрағалық етеді. Басшысы ретінде үш күн бойы форумды жүргіземін. Үш күндік жұмыстың нәтижесі ретінде Алматы декларациясы деген құжат қабылданады. Ол құжат осы Еуропа мемлекеттерінің Қызыл ай, Қызыл Крест қоғамдарының алдағы 4 жылдағы істейтін жұмыстарына басшылық етеді", - деді Қазақстан Қызыл ай қоғамының президенті Еркебек Арғымбаев.