Алматыда төмен эмиссия аймағының (LEZ) пилоттық жобасы аясында жол белгілері мен ақпараттық тақталары орнатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақпараттық құрылымдар Бөгенбай батыр – Желтоқсан – Абай – Достық көшелерінің аумағындағы пилоттық аймаққа кіреберістерде орналастырылды. Жалпы саны 134 жол белгісі мен ақпараттық тақта орнатылды. Олардың қатарында төмен эмиссиялы аймаққа кіру және шығу белгілері, сондай-ақ жүргізушілерге арналған ақпараттық тақталар бар.
"Алматы паркинг" мекемесі өкілдерінің мәліметінше, бұл жұмыстар 28 сәуірде басталған LEZ жобасының техникалық пилоттық кезеңі аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі кезеңде көлік қозғалысына шектеу қою, айыппұл салу немесе аймаққа кіру үшін ақы алу қарастырылмаған.
Жобаның негізгі мақсаты – цифрлық жүйелерді сынақтан өткізу, көлік ағынын есепке алу және көліктің ауа сапасына әсері туралы деректерді жинау.
Техникалық пилоттық кезең 2026 жылы 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында аймақтағы көлік қозғалысы қалыпты режимде жүзеге асырылады.