Алматыда LRT құрылысына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр

79

​Алматыда LRT-нің алғашқы желісін іске асыру үшін қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Алматыда LRT құрылысына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр Фото: kaz.inform.kz

Қазір негізгі жұмыстар Бауыржан Момышұлы мен Төле би көшелерінде атқарылуда. Бұл аумақтарда рельс төселетін учаскелер әзірленіп, құрылысқа кедергі келтіретін инженерлік желілер қайта орналастырылып жатыр.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жоба бойынша барлығы 375 инженерлік коммуникацияны қайта орналастыру жоспарланған. Олардың қатарында жылу, су және кәріз жүйелері, байланыс, нөсер кәрізі, газ және электр желілері бар.

"Жоба аясында барлығы 375 инженерлік желіні қайта орналастыру көзделген. Олардың қатарында жылу, байланыс, сумен жабдықтау және кәріз, нөсер кәрізі, газбен және электрмен жабдықтау желілері бар", – деп хабарлады әкімдік.

Бауыржан Момышұлы көшесінде, болашақ депо орналасатын аумақты қоса алғанда, 39 инженерлік желі қайта орналастырылады. Қазіргі таңда оның төртеуі бойынша жұмыс аяқталған.

Ал Төле би көшесінде қайта орналастырылуы тиіс 269 желінің 34-і бойынша жұмыс аяқталды. Абылай хан даңғылында тағы 67 инженерлік коммуникацияны қайта орналастыру жоспарланған.

"Инженерлік желілерді қайта орналастыру – LRT желісі өтетін аумақты дайындаудың қажетті кезеңі. Кейбір учаскелер босатылған сайын желі құрылымдарын орнату, шпал мен рельс төсеу және басқа да жұмыстар басталады", – деп түсіндірді әкімдік.

Құрылыс-монтаж жұмыстары қыс мезгілінде де тоқтамайды. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ауа температурасы төмендеген жағдайда топырақты қорғау, бетон құю, құрылымдарды жылыту және бетонның қажетті беріктікке жетуін қамтамасыз ететін арнайы технологиялар қолданылады. LRT-нің бірінші кезеңі толығымен жерүсті бағытта салынады.

Жоба бойынша эстакада қарастырылмаған. Желі іске қосылғаннан кейін Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелерінің ортасындағы екі жолақ тек жеңіл рельсті пойыздарға арналған арнайы жолға айналады. Олар жиектастар арқылы оқшауланады.

Пойыздардың техникалық тұрғыдағы ең жоғары жылдамдығы сағатына 65–70 шақырымға дейін жетеді. Алайда аялдамалар арасындағы орташа қашықтық шамамен 700 метр болғандықтан, нақты орташа қозғалыс жылдамдығы 30–35 км/сағ деңгейінде болады.

"LRT бірінші желісін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл мерзім қажетті көлемдегі жылжымалы құрамды дайындау және жеткізу кестесіне байланысты өзгеруі мүмкін", – деп хабарлады қала әкімдігі.

Жобалық жоспарға сәйкес, LRT-нің бірінші желісі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің маңында орналасатын деподан басталады. Одан әрі желі Момышұлы көшесімен Төле би көшесіне, кейін шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жалғасады. "Алматы-2" теміржол вокзалы маңында желінің соңғы станциясы ретінде "Райымбек батыр" көлік-ауысу торабы қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу