Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында қала әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров спорт, мәдениет және өнер мекемелерінің жұмыс тәртібіне тоқталды, деп жазды inbusiness.kz.
Спикердің айтуынша, бүгінде қаланың барлық ұйымдары мен спорт нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде. Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, барлық оқу-жаттығу процестері қайта жанданды.
"Бүгінде Алматыда 19 театр жұмыс істейді, оның 10-ы мемлекеттік және 9-ы жеке меншік. Барлығы 10 концерттік-ойын-сауық, демалыс ұйымдары бар, оның ішінде 6 республикалық және 4 қалалық ұйымдар", – деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.
Алайда соңғы аптада мегаполисте эпидахуалдың нашарлауына байланысты Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес барлық мәдениет және өнер мекемелерінде іс-шаралар өткізу тоқтатылды.
Мәдениет басқармасының ведомстволық бағынышты мекемелері шектеулі жұмыс режиміне көшті-штаттық қызметкерлердің 70-80% онлайн жұмыс істейді. Офлайн режимде тек Алматы қаласының зоологиялық паркі мен мұрағаты жұмыс істейді.
Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты ғибадат объектілерінде ұжымдық шаралар өткізуге тыйым салынған.
Сонымен қатар Ержан Бабақұмаров биылғы жылдың 10 қаңтарынан бастап қалалық волонтерлік штабтың жұмысы басталғанын атап өтті.
Кез-келген көмек көрсетуге ниет білдірген мұқтаж азаматтар мен қала тұрғындарынан 800-ден астам қоңырау түсті.
Биылғы 10-21 қаңтар аралығында күндізгі уақытта штаб жатақханаларда, коммуналдық қызметтерге, жатақханада тұратын студенттерге, әскери қызметшілер мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 7 мыңнан астам ыстық тамақ апарып берді. Сондай-ақ мұқтаж алматылықтарға 500-ге жуық азық-түлік себеті таратылды.
Құралай Құдайберген