Алматыда мәдениет нысандары үшін карантин шараларын жеңілдетудің алғашқы кезеңі 25 мамырдан басталады. Қалалық мәдениет басқармасының хабарлауынша сол күннен бастап бір уақытта келушілер саны 30 адамнан аспайтын, келушілер мен көрермендерсіз, санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті қатаң сақтаған жағдайда жеке және топпен дайындық (репетиция) өткізуге рұқсат етіледі.
Ал келесі кезеңде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай мен мәдениет нысандарына бір уақытта келушілердің санын шектеу нормасын сақтай отырып, аумағына қарай залдарда келушілердің санын 50 пайыздан асырмау қағидалары ескеріле отырып, азаматтардың мәдениет орындарына келу мәселесі қаралмақ.
Бұқаралық мәдени-демалыс және ойын-сауық іс-шараларына 1 шілдеге дейін ұйымдастыруға тыйым салынады.
Айта кетсек, қазір мегаполисте 134 мәдени ұйым, оның ішінде 41 – республикалық, 40 – қалалық, 6 – ведомстволық және 47 жекеменшік ұйым бар. Мәдениет саласында барлығы 8500 адам жұмыс істейді.