Жеке инвестор жүзеге асырған жоба – қоғамдық тамақтандыру пункті, туристік құрал-жабдықтар дүкені бар туристік ақпараттық орталық.
Визит-орталықта "Іле-Алатау" ұлттық паркі туралы барлық қажетті ақпаратты алуға болады. Ол үшін Visit Almaty инфостойкасы орнатылған, консультанттар жұмыс істейді. Мұнда туристік бағыттар, соқпақтар туралы деректер, ұлттық парк аумағындағы объектілердің байланыстары және қауіпсіз және жайлы туризм үшін қажетті жабдықтар ұсынылады.
"Біз Тәуелсіздік күнінде визит-орталықты ашқанымызға қуаныштымыз. Бөгетке барар жолда біз демалушылар үшін 15 орындық орнаттық. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыратын боламыз", – деді "Тау Жол Шымбұлақ" ЖШС басшысы Сергей Спицын.
"Медеу" БСК визит-орталығы жалпы алаңы 208 шаршы метр аумақта орналасқан, инвестиция көлемі – 100 млн теңге, 50 жұмыс орны құрылады.
Қауіпсіздік үшін Тұйық-су шатқалында тікұшақ алаңының құрылысы жүргізілуде. Бұдан басқа, спутник байланысы және SOS дабыл түймелері бар таулы маршруттардың шалғай тораптық учаскелерінде 15 құтқару үйшігі орнатылды.