Алматыда медицина қызметкерлері марапатталды

1262

Мегаполисте 10 мыңнан аса ақ халатты еңбек етеді. 

Алматыда медицина қызметкерлері марапатталды

Елімізде маусым айының әр үшінші жексенбісі ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі. Осыған орай Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев шаһардағы барлық медицина қызметкерлерін құттықтап, түрлі марапаттар табыстады, деп хабарлайды inbusiness.kz басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Басқарма жетекшісі кәсібилігі үшін әріптестеріне алғыс айтып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Еңбек ардагері" медалімен, "Денсаулық сақтау ісінің үздігі", "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгілерін, сондай-ақ министрліктің "Алғыс хатын",  адал еңбегі мен жанқиярлығы үшін "Құрмет грамотасын" табыстады.

Марапаттау рәсімі эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, өткізілді. 

Қазіргі уақытта Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының медициналық ұйымдарында 8 433 дәрігер, 15 060 орта медбике жұмыс істейді.
Қаланың COVID-19-ға қарсы күрес бойынша инфекциялық стационарларында 3 377 адамнан тұратын резервтік тізім жасалды. Оның ішінде 465 дәрігер, 1964 орта медицина қызметкері, 841 кіші және басқа да қызметкерлер және 107 ерікті бар.

"Медицина қызметкерлері қоғамда жоғары құрмет пен қошеметке лайықты. Ұлт денсаулығын нығайту жолында мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, әрдайым халықтың қошеметіне бөленіп, талмай, шаршамай  еңбек ете беріңіздер.
Ұлт денсаулығын нығайту жолында басшылықтың саясатын жүзеге асыра отырып, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген ақ халатты абзал жандар ерен еңбектеріңіз үшін әрдайым алғысқа бөленіп жүре беріңіздер", – деп құттықтады Қоғамдық денсаулық басқармасы медицина қызметкерлерін. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу