Алматыда мектеп оқушылары онлайн форматта оқитын платформалар анықталды

1227

Білім басқармасының хабарлауынша мегаполистің барлық оқушылары қажетті компьютерлер мен ноутбуктермен қамтылған.

Алматыда мектеп оқушылары онлайн форматта оқитын платформалар анықталды

Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева онлайн баспасөз конференциясында эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты оқушылардың 17 қаңтардан бастап қашықтан оқыту форматына ауыстырылатынын мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz. 

Ләззат Жылқыбаева оқу үдерісін қашықтықтан ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Қала бойынша интернет байланысы тұрақты және оған мектептердің қолжетімділігі де қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар ол ата-аналар компьютерлерге немесе ноутбуктерге, сондай-ақ интернетке қатысты қосымша қажеттілік туындаған жағдайда мектептің бірінші басшыларына немесе аудандық білім беру бөлімдеріне жүгіне алатынын, онда оларға осы мәселелерді шешуге көмектесетінін еске салды.

Оқыту үшін платформалар анықталды. Олар: Online Mektep, Bilim Land, Microsoft Teams. Сонымен қатар мектептер оқушыларға ыңғайлы болу үшін бұрын қашықтан оқыту кезінде қолданылған платформаларды өз бетінше таңдай алады.

"Қашықтан оқыту форматында жұмыс тәжірибесі бізде бар, мұғалімдер өткен жылы цифрлық сауаттылықты арттыру курстарынан өтіп, өз жұмыстарын онлайн-режимде жетілдіруді жалғастырады", – деп хабарлады Алматы Білім басқармасының басшысы.

Баспасөз конференциясы барысында мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын 20 қаңтардан бастап қайта бастау жоспарланғаны белгілі болды. 

Еске сала кетсек, 5 қаңтардан бастап олардың қызметі уақытша тоқтатылды. Алматыда барлығы 860 балабақша бар, оның 190-ы мемлекеттік. Алматыда 71 мыңнан астам бала мектепке дейінгі біліммен қамтылған.

Ләззат Жылқыбаева балабақшалар күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кезекші топтар режимінде жұмыс істейтінін жоққа шығармайды. 

"Мектепке дейінгі мекемелер жұмысының тәртібі туралы қосымша хабарланады. 24 қаңтардан бастап Алматыда 83 колледжде 73 мыңнан астам студент оқуға кіріседі. Олар үшін оқытудың аралас форматы көзделген. Сондықтан дәрістік сабақтар онлайн-режимде өтеді. Ал практикалық сабақтар санитариялық талаптарды сақтай отырып, икемді кесте бойынша офлайн ұйымдастырылады", – деді спикер.

Қосымша білім беру ұйымдарында 10 адамға дейін жеке және топтық сабақтар офлайн, қалған сабақтар онлайн режимде өткізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу