Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған педагогтер, бизнес өкілдері саладағы кадр жеткіліксіздігінен бастап, балалардың тамақтануына дейін мәселелерді көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Осыдан 20 жыл бұрын мемлекеттің мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына көзқарасы, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау саясаты, нарық заманына дайын емес еді. Сол үшін білім заңына, басқа да заңдарға өзгеріс керек болды. Мұның бәрін өткердік. Мәселелерді шешу үшін қауымдастықтар құрылып, заңдарға өзгерістер енгізіле бастады. Бұл арада Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмысының маңызын ерекше атап өткім келеді", – деді "Bilim Invest" Ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекова.
"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов қазіргі кезде білім беру жүйесінде шешілмеген проблемалар аз емес екенін айтты.
"Негізгісі – мектептің аздығы. Осы мәселені шешуде инвесторлар белсенді болып келеді. Соңғы бес жылда 442 жеке мектеп салынды. Бұл – министрлік, қауымдастықтар және бизнес атқарған бірлескен жұмыстың жемісі", – деді Мақсат Қиқымов.
Спикер мектепке дейінгі білім беру саласында жеке сектор үлесінің артып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығының мәліметінше, еліміздегі 11 мыңнан аса мектепке дейінгі ұйымның 50%-ы жекеменшік. Мектепке дейінгі білім берудегі 97,4 мың ұстаздың 41,5 мыңы ауылдық жерлерде, 55,8 мыңы қалада жұмыс істейді.
"Келер жылдары жеке сектордың үлесі арта түседі. Жеке сектор мемлекеттің әлеуметтік серіктесіне айналып келеді. Осы бағытта педагог қауымның да, әлеуметтік кәсіпкерлік ұйымдардың рөлі өседі. Сондықтан біз Ұлттық палата ретінде билік құрылымдары және әлеуметтік кәсіпкерлер арасында байланысты одан әрі нығайтуға күш саламыз", – деді Мақсат Қиқымов.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева мектепке дейінгі білім берудің дамуына жақсы демография да әсер етіп жатқанын айтты.
"Бізде жақсы демография қалыптасып келеді. Әрине, демография мектепке дейінгі ұйымның даму сапасына әсер етеді. Қазір елді 11 мыңнан аса мектепке дейін ұйым бар. Бала жайлы, қолайлы жағдайда тәрбиеленіп, білікті пелагогтардан білім алуы керек. Елімізде бала туудың жоғары көрсеткіші 2013-2014 жылдары болды. 2022 жылдан бастап ұйымдардың жүктемесі 10 есе өсті, 40 есе деп айтуға болады. Келер шақта педагог сұранысқа ие болады. Мұнда балабақшалардың бәсекеге қабілеттілігі үлкен рөл атқарады. Педагог үнемі өзін-өзі жетілідіріп отыруы керек", – деді Наталья Жұмаділдаева.
Жиында қатысушылары мектепке дейінгі, қосымша және орта білім саласына инвестордаы көптеп тарту, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, жалпы білім беретін мектептер және қосымша білім беру саласындағы қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жобаларды, бағдарламаларды әзірлеу, енгізу, сынақтан өткізу және тәжірибе алмасу мәселелерін де талқыға салды.