Алматыдағы мектептердің аумағында 840 жол белгісі жаңартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Бұл бағытта, атап айтқанда, жас жол қозғалысына қатысушыларды тәрбиелеуге ықпал ететін педагогикалық формалар мен әдістерінен бастап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін техникалық құралдарды пайдалануға дейінгі профилактикалық сипатта көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Іс-шара аясында жалпы білім беретін мектептердің аймағын, әсіресе, жолға жақын орналасқан білім беру мекемелерінің маңындағы жол белгілері мен жол таңбалау сызығын тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 840 жол белгісі орнатылды/жаңартылды, деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Сондай-ақ ол Алматыда жол- техникалық инспекциясы қызметкерлері жол желісіне көктемгі тексеру жұмыстарын жүргізе бастағанын айтып өтті. Қолайлы жағдайдың басталуына байланысты, қалада жол белгілері кезең-кезеңімен жаңартылатын болады, бірінші кезекте, келе жатқан көліктер қарсы қозғалыс жолағына, жаяу жүргіншілерге соқтығысудың алдын алу үшін тұтас сызық жаңартылады.